Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында «Астана!» атты алғашқы қазақстандық мюзиклдің премьерасы болады

Белгілі композитор Алмас Серкебаевтың «Астана!» мюзиклі 2009 жылы Мәдениет министрлігі өткізген «Тәуелсіздік толғауы» байқауының ең үздік опера аталымында бас жүлдені жеңіп алған болатын. Либретто авторы - Юрий Кудлач. Мюзиклдің қоюшы режиссері - Ресей халық әртісі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Юрий Александров.

«Мюзиклді бірлескен жастар жобасы деп атауға болады. Оған халықаралық қойылым тобы мен бүкіл қазақстандық театрлардың әртістері мен жастар қатысады. Біз үшін бұл жаңа стилистика және жаңа формат. Сондықтан бізде аздаған қобалжу бар», - деді журналистерге арналған баспасөз мәслихатында ҚР Мәдениет вице-министрі Асқар Бөрібаев.

Айта кетейік, мюзиклде Абай атындағы Мемлекеттік академиялық опера және балет театрының, К.Байсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театрының жетекші солистері, сондай-ақ «Гүлдер» би ұжымы ойнайды. Өз жігерлерін Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы мен Қазақ ұлттық өнер университетінің студенттері де байқап көрмек.

А.Бөрібаевтың айтуынша, мюзиклді дүниеге әкелу идясын алғаш рет Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед ұсынды. Жалпы бюджеті 50 миллион теңгені құрайтын «Астана!» туындысы сюжетінің негізінде алматылық жас дәрігер Арман мен атасының өсиетін орындау үшін Қазақстанға арнайы келген жапон қызы Асамидің махаббат тарихы жатыр.

Вице-министр атап көрсеткендей, мюзикл қазақ және орыс тілдерінде қойылғанымен, онда орыс тілі басым. «Себебі орындаушылардың 90 пайызы мен автор орыс тілді. Бірақ бүгін біз мәтінді қазақшаға аудару мәселесімен айналысып жатырмыз және ол алдағы күзге қарай дайын болады», - дейді ол.

Өз кезегінде, Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығын алған алғашқы шетелдік және «Абылайхан» операсы үшін «Достық» орденімен марапатталған Ю.Александров, мюзиклдің идясын аса жоғары деп бағалап, Қазақстан театрының сахнасында жанрдың жаңа парағы ашылғалы жатқандықтан, оның бойында да аздаған толқу барлығын жасырмады.

«Астана!» мюзиклінің таныстырылымы ертең, маусымның 25-і күні сағат 19.00-де Бейбітшілік және келісім сарайында өтеді. Қайта қойылымы - маусымның 26-сы күні 18.00-де.