Салтанатты шараға ШЫҰ бас хатшысы Рашид Алимов қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Ол штаб-пәтердің қонақтарына павильонның қызметі туралы толығырақ ақпарат беріп, ШЫҰ өз тарихында алғаш рет халықаралық көрменің жұмысына қатысып жатқандығын атап өтті.
«ШЫҰ-ның ЭКСПО-2017 көрмесінде өз павильонын орналастыратын жалғыз өңірлік ұйым екендігін есепке ала отырып, бұл біз үшін үлкен жауапкершілік пен құрмет болып табылады», - деді Алимов.
Бас хатшы көрме жұмысының басталу мерзімі ШЫҰ мүше-елдердің басшылары кеңесінің отырысымен тұспа-тұс келетіндігін атап өтті. «Болашақ энергиясына арналған ЭКСПО-ның тақырыбы ШЫҰ «Шанхай рухы» энергиясымен тұтасып тұр», - деп мәлімдеді ол.
Сондай-ақ, дипломат ШЫҰ павильонының жұмысы барысында Ұйым қызметінің түрлі аспектілеріне арналған іс-шаралар өтетіндігін хабарлады.
«Біз ЭКСПО басшылығымен көрме аясында 27 тамыз - «ШЫҰ күні» ретінде аталып өтетіндігі жөнінде келісім жасадық. Дәл осы күні Астанада ШЫҰ халықаралық марафоны өтеді, оған 5 мыңнан астам адам қатысады деп күтілуде. Алда өте маңызды бағдарлама тұр, осыған орай баршаңызды Астанадағы ШЫҰ павильонына шақырамын», - деп түйіндеді ұйымның бас хатшысы.