Мәдениет және ақпарат министрлігінің Музыка өнері басқармасының бастығы Нұрболат Ахметжановтың айтуынша, байқауға Қазақстан, Өзбекстан, Ресей және Жапония елдерінен барлығы 20-ға тарта скрипкашы қатысуда. Байқау бағдарламасы бойынша өнерпаздар И.С.Бах, Н.Паганини, И.Брамс, П.Чайковский, Д.Шостакович сынды ұлы композиторлардың шығармаларын орындайды. Гран-при иегері арнайы жеңімпаз дипломымен қатар, 7 мың АҚШ долларына ие болады. Бірінші орынға қол жеткізгені 5 мың, екінші орын - 3,5 мың, үшінші орын - 2,5 мың АҚШ долларын алады.
Қазақ Ұлттық өнер университетінің Орган залында басталған шара, 19 қазан күні сағат 17.00-де байқау жеңімпаздарының салтанатты гала-концертімен аяқталады.
Қазылар алқасы құрамына белгілі және атақты скрипкашылар - Қазақстанның халық әртісі, профессор Айман Мұсақожаева, сонымен қатар Эдуард Грач (Ресей), Сергей Кравченко (Ресей), Александр Винницкий (Финляндия), Анатолий Баженовтар (Украина) енді.
IV Халықаралық скрипкашылар байқауының басты мақсаты - классикалық музыканы дәріптеу, скрипка өнерін насихаттау, қазақстандық жас талантты скрипкашыларды жоғары деңгейге көтеру және Қазақстанның мәдени абыройын арттыру болмақ.