Астанадағы өрттен бес бала қайтыс болды

Астанадағы өрт кезінде бес бала мерт болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетіне сілтеме жасап.

Астана қалалық ТЖД «101» пультіне сағат 02:34-те Сарыарқа ауданындағы Шыңғыстау көшесіне орналасқан жеке үйдің ауласындағы уақытша тұрғызылған баспанада өрт болып жатқаны туралы хабар түскен.

30 шаршы мер аумақты шарпыған жалын салдарынан 25 шаршы метрлік төбесі опырыла құлаған. Оқиға орнына жеткен өрт сөндірушілер бөлімшесі тілсіз жауды 03:06-да ауыздықтап, 03:24-те толықтай сөндірді.

Өрт орнынан 2006, 2008, 2013, 2015 және 2018 жылдары туған бес баланың мәйіті табылды. Олардың әке-шешесі жұмыста болған. Өрт сөндіруге Астана ТЖД-нің 17 адамы мен 5 техникасы, сондай-ақ ТЖК Орталық аймақтық аэромобильдік жедел-құтқару жасағының 4 адамы мен 1 техникасы тартылды