Астанадағы құрылыс нысандарына қарақшылық шабуылдар жасап келген қылмыстық топ құрықталды

Қылмыстық топ мүшелерінің жасы 25-тен аспайды. Барлығы да Жамбыл және Қызылорда облысының тумалары. Бірде-бір адам Астанада тіркелмеген. Қылмыстық полиция басқармасы бастығының айтуынша, "қылмыстық әрекетін жасыру үшін" бозбалалар тұрғылықты жерлерін ұдайы ауыстырып отырған. "Құрылыс нысандарына жасайтын қарақшылық шабуылдарын олар түнде жүзеге асырып отырған, күзетшілерді соққыға жығып, байлап тастағаннан кейін, алдын-ала жалдап алған көлікке 50 тоннаға дейін арматуралар мен басқа да материалдық құндылықтарды тиеп әкетіп отырған",- деді А.Чепурной. Қазіргі жағдаймен тұтқындардың Елордасындағы құрылыс нысандарына жасалған 10 шабуылға қатыстылығы дәлелденді. Топ ұрлаған мүліктің жалпы құны "миллиондаған теңгеге бағаланады". Тұтқындар қазір уақытша тергеу қапасында отыр. Олардың үстінен ҚР Қылмыстық кодексінің "қарақшылық шабуыл туралы" 179-шы және "ұйымдасқан қылмыстық топ құру туралы" 235-баптарына сәйкес қылмыстық іс қозғалды.

А.Чепурнойдың айтуынша, әлгілерді жүк және көтеру техникасымен қамтамасыз етіп, ұрланған мүлікті сатып алып келгендер де қылмыскерлердің сыбайластары ретінде қылмыстық жауапкершілікке тартылуы ықтимал. "Олар техниканы бір түнге ғана жалдап отырған, сондай-ақ, ұрланған заттарды әсіре арзанға бағалайтыны соншалық, сатып алушылар мүліктің қайдан алынғанына қатысты бірден күдік келтіруі тиіс болатын",- дейді А.Чепурной. Тергеу мәліметіне сәйкес, тонаушылар ұрланған құрылыс материалдарын Астанада сатып келген.