Бұл туралы кешенге шұғыл жеткен Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев мәлімдеді.
– Біз комиссия құрдық. Ертең сағат 10-да жиналып, бұл мәселені шешетін боламыз. Ол жерде шетелдік жұмысшылардан жарақат алғандар бар. Тұрмыстық оқиға. Қазір бұл мәселенің мән-жайын анықтаймыз, - деді кеше түнде Ә.Исекешов, деп хабарлайды "Хабар-24".
Астананың қақ ортасында, сол жағалауында, яғни Алматы, Керей мен Жәнібек хандары, Ақмешіт, Түркістан көшелеріндегі автомобиль жолдарын тәртіп сақшылары бөгеп тастаған. Бұл ауданда Астанадағы зәулім ғимараттардың бірі «Әбу-Даби Плазадағы» кешені бой көтеріп отыр. Қақтығыс мұндағы құрылыс алаңында сағат кешкі 7-8-дер шамасында болған екен.
Күндіз – құрылыс алаңында қызу еңбек. Кешке – төбелес. Астанадағы құрылыс нысандарының біріндегі бүгінгі жұмыс күні осылай аяқталды. Ресми мәлімет бойынша, шетелдік жұмысшылар мен мұндағы күзетшілер арасында тұрмыстық жанжал туып, дау-дамай соңы жаппай жұдырықтасуға ұласты. Оқиға орнына жеткен қала әкімі қазір жағдайдың тұрақталғанын айтты.
Қазір тәртіп сақшылары оқиға орнына жиналғандарды таратып жатыр.
Ресми билік һәм ІІД оқиғаның мән-жайын кейінірек кеңірек айтып беретінін уәде етті.