Биылғы жылы бал 25 мамырға межеленіп отыр. Оған 200-ге тарта талантты оқушы қатысуы жоспарланған, деп хабарлады astana.kz сайты қалалық білім басқармасына сілтеме жасап.
«Бал мақсаты Астана қаласы мектептерінде оқитын, 2012-2013 оқу жылындағы жалпы білім беру пәндері бойынша республикалық, халықаралық байқаулардың, ғылыми жобалар мен олимпиадалардың алтын медалі мен жүлделерін алған оқушыларды және олардың ұстаздарына құрмет көрсету», - делінген хабарламада.
Марапаттау рәсіміне ҚР Білім және ғылым министрі Б.Жұмағұлов пен Астана қаласы әкімінің орынбасары А.Балаеваның қатысуы жоспарланған.
Астана қаласы мектептеріндегі 9-11 сынып оқушылары бұл балда өздерін нағыз ер жеткен жігіттер мен қыздар сияқты сезінбек. Олар үшін киім үлгісі смокинг немесе қара классикалық костюм, ақ көйлек, қара галстук; ал қыздарға балға арналған ақ көйлек, ақ туфли, қолдарында міндетті түрде желдеткіш болуы керек.