София қаласында өтетін дәстүрлі "София" халықаралық фольклорлық фестивалі ағымдағы жылы өз қатысушыларын шілденің 15-19 күндері қабылдады. Оған Қазақстан, Македония, Сербия, Литва, Украина, Грекия, Грузия, Болгария, Үндістан және басқа да мемлекеттерден 500-ден астам адам қатысты.
Қысқа мерзім ішінде әлем елдері арасында үлкен танымалдылыққа ие болған фестивальға Қазақстан биыл алғаш рет қатысты. Қазақ халқының салт-дәстүрлерін, аса бай мәдени мұраларын Болгария төрінде сахналау, Астана қаласындағы С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің жанында жұмыс істейтін «Фараб» эстрадалық студиясына сеніп тапсырылды.
Аталмыш эстрадалық студияның жетекшісі, университеттің қоғамдық кәсіби факультетінің деканы Мейіржан Әлиакбаровтың айтуынша, олар халық әндері «Дедім-ай, ау», «Жорғатай», «Сарыбидай», Құрманғазының күйлері - «Адай», «Балбырауын» мен «Сарыарқаны», Н.Тілендиевтің «Әлқиссасын» орындады. Сондай-ақ «Беташар» салтын көрсетіп, ұлттық ойындар арқан тартыс, ақсүйек, тығылмақ ойындарын би элементтерімен жеткізді.
«Ал, фестивальдың ең соңғы жабылу күнінде көрермендердің назарына ұсынылған, қазақ жұртының ұлттылығын ұлықтай түсетін ежелгі «қара жорға» биі, шетелдіктерді тәнті еткені соншалық, залда отырған көрермендер бірі қалмай, жастарымызға ілесіп биледі», дейді М.Әлиакбаров.
Оның сөзіне қарағанда, әр ұлт өкілдерінің мәдениеттерімен етене таныстыру үшін өткізілген шеберлік сабақтары барысында, қазақстандықтар қатысушыларға «қара жорғаны» үйретпек болған. Бірақ биді грузиялықтардан басқа нақышына келтіріп ешкім орындай алмаған.
Қатысушылардың ерекше ықыласына бөленген елордалық «Фараб» ән-би театры 2010 жылдың аяғында осы Болгария елінде өтетін эстрада әндерін орындаушылардың «Даскавери» халықаралық байқауына, 2011 жылы Болгарияның Варна қаласында өтетін халықаралық фольклорлық байқауға қатысуға шақырту алды.
С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ ұжымына диплом мен фестивальдың естелік белгісі тарту етілсе, Қазақстанның Болгариядағы Елшісі Теміртай Ізбастин университет басшылығына ризашылығын білдірген алғыс хатты табыс етті.
Сапар барысында қазақстандық делегация сондай-ақ қала мэрімен де кездесіп, салалас Пловдивский аграрлық университетінде болып қайтты.
Айта кетейік, «Фараб» ән-би студиясы Қазақ агротехникалық университеті жанынан, оқу орнында білім алатын жастардың бойларындағы талаптарын шыңдау, сабақтан тыс уақыттарын тиімді ұйымдастыру мақсатында 2006 жылы құрылды. Осы жылдар ішінде студияның тәрбиеленушілері жас орындаушылардың «Жас қанат» ән байқауына үзбей қатысып, сондай-ақ республикалық және халықаралық деңгейдегі көптеген байқаулардың жүлдегерлері атанып келеді. 2008 жылы студия К.Байсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театрында өзінің «Сағыныш» атты алғашқы есеп беру концертін өткізді.