Астаналық футболшылар Анталияда Украинаның «Александрия» командасымен жолдастық кездесу өткізеді


Бұған дейін бұл ойын Ресейдің Новосібір қаласының («Сібір») аяқопшыларымен өтеді деп жоспарланған еді. Ресейдің Ұлттық футбол лигасында алғашқы 2 айналымның қорытындысы бойынша 5-інші орында келе жатқан «Сібір» бүгін Қостанайдың «Тобылымен» кездесуі мүмкін. 4 қаңтардан бері Түркияның Сиде қаласында оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатқан Новосібір аяқопшылары ертең соңғы жаттығуларын өткізбек. Ал Олег Протасов жаттықтыратын астаналықтардың екінші жолдастық кездесуі 20 қаңтарда Молдованың Кишинев қаласының «ЦСКА-Рапид» командасымен өтпек. Жоғарғы лигада өнер көрсететін кишиневтіктер қазір өз елінің чемпионатында 11-інші орында келе жатыр. Бұл олардың биылғы маусымда қазақстандықтармен өткізетін 3-інші кездесуі болмақ. Бұған дейін олар алдымен Қарағандының «Шахтерімен» күш сынасқан еді. Енді бүгін астаналықтармен, 18 қаңтарда тараздықтармен кездеспек.