Қазақстанның танымал маманы Лев Яниевтің жетекшілігімен жаттығатын елорда гандболшылары бірер күндерден кейін Бурабайдағы екі апталық оқу-жаттығу жиындарынан Астанаға оралады. Өткен маусымда «Астана» гандболшылары Супер лигада төртінші орынға қол жеткізіп, күшейтілген құрамда Қазақстан Кубогын ұтып алған болатын.
Қазіргі уақытта оқу-жаттығу жиынына 14 спортшы бойжеткен қатысуда. Олардың ішінде жаңа маусымда келген жаңа гандболшылар - Елена Портованы, Наталья Кулакованы, Дарья Мочалованы атап өтуге болады.
«Қазіргі уақытта оқу-жаттығу жиындары аяқталуға жақын. Бірер күндерден кейін біз Астанаға келіп, жаттығуды «Алатау» спорт кешенінде жалғастыратын боламыз. Маусым шамамен 21 ақпанда Алматы қаласында басталады. Сондықтан, дайындығымызды пысықтап алуға әлі де уақыт бар. Команданың мақсаты туралы сол кезде айта аламыз. Дегенмен, биік мақсат қоятынымыз күмәнсіз. Мұндай ойыншылармен клубта тек бір ғана мақсат болады, ол - жеңіс», - деп атап өтті клуб жаттықтырушысы Л. Яниев.