Содан бері апат салдарын еңсеруге қаншама күш пен жігер жұмсалды. Республика тұрғындары осы нәубетке душар болған батысқазақстандықтарға көмек қолын созуда.
20 сәуір күні Астанадан жалпы құны 22,5 млн. теңгені құрайтын 45 тонна жүк тиеген үш автокөлік Оралға жетті.
Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетовтің «Елордадан - Батысқа көмек» деп аталатын қайырымдылық іс-шарасын ұйымдастыру туралы бастамасын отызға жуық кәсіпкер қызу қолдады. Халыққа қажетті азық-түлік пен киім-кешек, тұрмыс құралдары мен төсек-орын, дәрі-дәрмектер бір жарым тәуліктің ішінде жиналыпты. Елордалық бес қонақүй, он алты базар және онға тарта сауда үйінің қожайындары Батыс Қазақстан облысында қалыптасып отырған күрделі жағдайға қабырғасы қайысатындықтарын және отандастарынан қолдан келген көмектерін аямайтындықтарын жеткізуін өтінген.
Астана қалалық әкімдігінің мәліметінше, қазіргі таңда апат салдарын жою мақсатында арнайы ашылған екі қайырымдылық есепшотқа 55 млн. теңге қаражат келіп түскен. Үкімет қаулысына сәйкес, еліміздің барлық облысы Орал өңіріндегі табиғи апат салдарын жою жұмыстарына 100 млн. теңге қаржы жөнелтетіні мәлім. Көршілес Маңғыстау және Атырау облыстары алғашқылардың қатарында әрқайсысы 100 млн. теңгеден аударды.
«Бұл үрдістен Астана қаласының Сырбай Мәуленов атындағы № 37-ші орта мектебі де сырт қалмады. Мектеп директоры, ұлағатты ұстаз Базыл Ахметовтың бастамасымен мектептің жеке ұжымы өз еріктерімен өздерінің бір күндік жалақыларын Батыс Қазақстан облысының су тасқынынан зардап шеккен тұрғындары үшін арнайы ашылған есепшотқа аударды. Бұл теңізге құйылған тамшы секілді болғанымен, тамшыдан өзен де, көл де құралатынын естен шығармауымыз қажет секілді», дейді
Астана қаласының Сырбай Мәуленов атындағы № 37-ші орта мектебінің мұғалімі Гулден Жеткергенқызы Нұрқабыл.