Астаналық полицейлер жүргізушілерге уақытша айыппұл салмауға уәде етті

"Жұрттың барлығы бірдей ережені жаттап, тіпті танысып та үлгерген жоқ" -  дейді Елорда басшылары. Сондықтан, бас көз демей, айыппұл сала беру дұрыс емес деген пікірде - деп хабарлайды КТК телеарнасы.

Андрей Лукин, Астана қаласы әкімінің орынбасары:

- Қолданысқа енді деп заң талаптарын орындата бастасақ, жол қозғалысы ережесін бұзушылар қаптап кетеді. Сондықтан, қалалық Ішкі істер департаментіне айтарым, заңды алдымен халыққа түсіндіріп алған дұрыс. Тұрғындар жаңа ережелерді түсініп, бой үйреткенше біршама уақыт мүмкіндік беру керек.

Қала басшыларының өтінішін Әкімшілік полиция басқармасы жерде қалдырған жоқ. Тәртіп сақшылары апта соңына дейін түсіндіру жұмыстарын жүргізбек. Яғни, жүргізуші жаңа ереже талаптарын бұзған жағдайдың өзінде бірден айыппұл салынбай, жол сақшылары оларға заңды тәтпіштеп түсіндіреді. Ал, келесі аптадан бастап жазадан ешкім құтылмақ емес.  Жаңа заңға сәйкес,12 жасқа дейінгі балаларды отырғызу үшін көліктерде арнайы балалар орындығы болуы тиіс. Әрі көліктің шамы күндіз-түні өшпеуі керек. Алайда, бұл өзгеріс еліміздегі көлік жүргізушілерін біраз даурықтырып жатыр.