Астаналық тұрғындар Масленица мерекесін тойлап жатыр


Бұл туралы 24.кз хабарлады. 

Осыған орай бүгін Жастар сарайында этномәдени бірлестіктер концерттік бағдарламалар қойып, өнерімен көпшілікті тәнті етті.

Күннің суықтығына қарамастан мұнда келген халықтың көңіл-күйі жоғары. Өнерпаздар бар өнерін ортаға салып, жиналған қауымды бір серпілтіп тастады. Бүгін – Масленица апталығының соңғы күні. Бұл мереке қаһарлы қысты шығарып салып, шуақты көктемді қарсы алуға арналған. Мән-мағынасы жағынан шығыстың Наурыз мейрамына ұқсас келеді. Наурызда қазақ халқы дәмді көже дайындаса, славяндықтар тәтті құймақ әзірлейді. Ал ертең ауыз бекітеді. Бүгін мұнда түрлі халықтық ойындар ойнатылады. Қызықты байқаулар ұйымдастырылады. Халықтың серуенге ұлт пен ұлысқа бөлінбей кез келген қала тұрғыны қатыса алады. Шараның көздегені де осы – еліміздегі ынтымағы ұйысқан түрлі ұлт өкілдерінің дәстүрін насихаттап, мызғымас бірлігін нығайту. Сондықтан мереке барынша қызықты өту үшін этномәдени бірлестіктер бар күшін салуда.