Астананың мерейтойы Қазақстандықтарды біріктіруге себепші болуға тиіс - Н. Назарбаев

"Астана - біздің ұлттық табысымыз, баршамызға ортақ жетістігіміз, сол себепті Астананың мерейтойы Қазақстандықтарды біріктіруге себепші болуға тиіс", - деді мемлекет басшысы.

Президент "Астананы әлемдегі ең таңдаулы отыз қаланың қатарына қосу туралы асқаралы мақсат қойғанымызды, еліміздің өскін Елордасы қазақ брендінің бір бөлігіне айналғанын" еске салды. "Сары далада қиын-қыстау жағдайда салынған жаңа қаланы паш ету керек. Біз өзіміздің тындырып жатқан істерімізді лайықты танытып көрсете алмаймыз", - деді Н. Назарбаев. "Бұл шаруа жан-жақты ойластырылып, тыңғылықты тындырылуға тиіс", -деді ол.

Президент Астананың 10 жылдық мерейтойына шетелдерден көп қонақтар келгелі жатқанын айтты. "Арнайы шақырғалы отырған жоқпыз, бірақ 70 қаланың басшысы қатысатын ірі қалалар мен астаналардың халықаралық форумы өткелі отыр. Бұл қонақтарды орналастыру, қызғылықты бағдарламалар ұйымдастыру саласында ауқымды іс тындыруды талап етеді, сервистік инфрақұрылымды, қонақүйлер, мейрамханалар мен туристік бағыттарды дайындау қажет. Бұлардың бәрі де лайықты деңгейде ұйымдастырылуы қажет", - деді президент.

Сонымен бірге, оның айтуынша, кейбір елдердің президенттері келуі мүмкін, "олардың өздері келуге ниет білдіріп отыр". "Осыны да ескеру керек", - деді Н. Назарбаев.

"Егер біз Елордасының мерейтойын халықаралық күн тәртібі деңгейіне көтере алатын болсақ, бұл біздің басты жетістігіміз болмақ. Бұл мереке алыс -жақын шетелдегі әлемнің түрлі елдерінің туристері үшін ең елеулі оқиғаға айналуы тиіс", - деді ол.