Астана-Семей бағытында жүрдек пойыз қатынасы ашылады

Бұл туралы «Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз қызметі хабарлады.

Жаңа пойыздың қатынау мерзімділігі - төрт күнде бір рет. Астанадан Семейге дейінгі уақыт 22 сағат 15 минутты құрайды. Пойыздың жаңа құрамы 27 вагоннан тұрады, оның 22-сі жолаушылар вагоны, 2-і «Гранд» санатты (екі орындық люкс), 2-і «Бизнес» санатты (екі орындық) және «Турист» санатты (төрт орындық) 18 жолаушы вагоны, сондай-ақ, 3 техникалық, 1 вагон-бар мен 1 мейрамхана вагоны бар. «Гранд» санатты вагонда мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған бір купе қарастырылған.

Вагондар «Жолаушылар тасымалы» АҚ жылжымалы құрамының техникалық-ресурсын жаңарту және арттыру бағдарламасын жүзеге асыру шеңберінде сатып алынған және соған сәйкес 2014 жылға дейін тағы 420 жолаушылар вагоны сатып алынатын болады.

Еске сала кетейік, бүгінгі таңда «Тұлпар-Тальго» вагондарынан құрастырылған жүрдек пойыздар 5 маршрут бойынша: 2001-2003 жылдардан бастап «Алматы-Астана» қатынасындағы №1/2, «Алматы-Шымкент» қатынасындағы №25/26 пойыздары, 2012 жылдан бастап «Алматы-2- Петропавл» қатынасындағы №151/152 пойызы, «Ақтөбе-Астана» бағытындағы №88/87 пойызы қатынайды. Үстіміздегі жылдың маусым айынан бастап, «Алматы-2 - Атырау» бағытындағы №77/78 жүрдек пойызы жолаушылар тасымалдауда.


Жалпы Қазақстан Республикасының көлік инфрақұрылымын дамыту жөніндегі бағдарламасын жүзеге асыру шеңберінде 2015 жылға дейін «Тұлпар-Тальго» зауытының өнімдерінен жасақталған тағы 4: «Астана-Қызылорда», «Алматы-Ақтөбе» (2014 жыл); «Астана-Защита», «Алматы-Защита» (2015 жыл) жүрдек маршруттарын іске қосу жоспарланып отыр.