Оның айтуынша, Астрахань облысының аумағында 16 кеме жасау зауыты бар, осы верфьтерге берілген тапсырыстардың 42 проценті Каспийдің Қазақстандық қайраңында жұмыс істейтін компанияларға бағытталған. "Осыған байланысты біз Құрықта кеме жөндеу зауытын салуға атсалысуға дайынбыз",- деді А.Жилкин.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, кеме жөндеу зауытының құрамына қалқымалы док, кемелерді көтеруге арналған алаң, кеме жөндеу және кеменің корпустық жұмыстарына арналған шеберханалар енетін болады. Халықаралық стандарт деңгейінде түрлі жөндеу жұмыстарын жүргізу мен док қызметі тек отандық кемелерге ғана емес, сонымен бірге, Каспийдің айналасындағы елдердің кеме компанияларына да көрсетіледі. Келешекте зауыт шельфте де, құрғақта да мұнай өндіру операцияларын жүргізуге арналған металл құрылғылар мен басқа да өнімдер шығаруға маманданған ірі кәсіпорынға айналады деп күтілуде.