Бірде баланың жоғалғанын жасырса, бірде жетімдерге қол көтергені үшін бала асырау құқығынан айырылған Сафроний бүгін тағы сот алдында жауап берді. Жетімдер үйіне жетекшілік еткен шіркеу қызметкері бұл жолы 18 жастағы жетім қыз Кристинаны сабап, құлағын қанатқаны үшін айыпты деп танылды. Сондағы алған жазасы – бар-жоғы 90 мың теңге айыппұл ғана.
Ғалия Дүйсембаева, Іле аудандық білім бөлімінің қызметкері:
- Шіркеу қызметкері Сафронийға бұған дейін де бірнеше мәрте айыппұл салынды. Және ол өз кінәсін мойындап, айыппұлдарды төлеп тұрды. Мұндай адам бала тәрбиесімен айналыспауы тиіс. Сот тым жеңіл шешім шығарды деп есептеймін. Қамауға алынғаны дұрыс бұндайлардың.
Таяқ жеген қыздың адвокаты діндарды 45 тәулікке қамауды сұраған. Алайда, сот онымен келіскен жоқ. Ал Сафронийдің өзі кінәсін мүлдем мойындамады. Айтуынша, жеткіншекке саусағының ұшын да тигізбеген. Қайта, сот күні полицейлерден жәбір көрдім деп отыр.
Игумин Сафроний, Шіркеудегі балалар үйінің жетекшісі:
- Олардың діттегені біреу ғана – мен басқарған жтімдер үйін жауып тастау. Қызды ұрды деп отырғандары қып-қызыл жала. Өмірімде балаларға қол көтергенім жоқ.
Қолын көгерткен полицейлерді сотқа бермесе де, діндар бүгінгі соттың шешімімен келіспей, істі қайта қарауды сұрамақ. Ол үшін арыз-шағымын да дайындап қойыпты. Айта кетсек, бұл Ащыбұлақ шіркеуінде орын алып отырған бірінші келеңсіз жайт емес. Өткен аптада ғана мұндағылар 15 жасар жеткіншектің жаздан бері із-түзсіз кеткенін жасырды деп айыпталған болатын. Ал күні кеше екі тағы екі тәрбиеленуші соққыға шыдамай шіркеуден қашып кеткен. Қазір 10 және 11 жастағы қос жеткіншек бейімдеу орталығын паналауда. Осындай деректерге қарамастан, игуменнің балалар үйінде әлі де 132 бүлдіршінді тәрбиеленіп жатыр.