Ұлттық ат спорты додасына еліміздің 11 облысы мен қаласынан, сонымен қатар Қырғызстан мен Ресейден де сәйгүліктер қатыстырылды. Бәйге «Бірлігіміз жарасқан!» акциясы аясында «Тәуелсіздіктің бойтұмары - әсем Астана» деген ұранмен ұйымдастырылды.
Бұл күні ат құлағында ойнайтын шабандоздар қыз қуу, теңге ілу, аударыспақ сияқты ұлттық ойындардың көрігін қыздырды.
25 шақырымдық аламан бәйгеде Қарасай ауданының Покер есімді торы қасқа аты өзгелерді шаң қаптырып, бас бәйгеге тігілген «Джип» автокөлігін ұтып алды. Сол сияқты 15 шақырымдық топ бәйгеде Шығыс Қазақстанның Ізбасары топ жарса, Қарасай ауданынан қосылған Сәйгүлік құнан бәйгеде 11 шақырымды басқалардан бұрын бағындырды. Жорға жарыстың бас жүлдесі Жамбыл облысынан қатысқан Тахмина есімді жүйрікке бұйырды.
Жалпы бұл күні бәйгеге 8 темір тұлпар тігілді.