"Ата-бабамыз мылқау болған ба": Қазақтың сөздерінің 70% арабтан енген деген имамның сөзі қызу талқыға түсті

Қазақ тіліндегі сөздердің 70 пайызы арабтан, 30 пайызы орыстан кірген деген имам халықтың наразылығын тудырды, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.

Бұл пікірге ашулы қоғам белсенділері өз ойларын жеткізіп жатыр. Саясаттанушы Асхат Қасенғали тіл маманы болмаса да былай деп жазды:

«Егер одан бас тартатын болсақ, онда 70 пайыз сөзді де қайтарып беруге тура келеді. Одан бөлек жаңағы орыстың сөздері бар, сонда бізге не қалады? Баламасына не қолданамыз?!» дейді. Сөздің астарында сол діни насихат жатыр ғой, ол жағы түсінікті.

Әлбетте, қазақта араб тілінен де, орыс тілінен де енген сөздер бар. Оны ешкім жоққа шығармайды. 2019 жылы елімізде «Қазақ тілінің кірме сөздер сөздігі» атты табақтай кітап шықты. Сол еңбекте 9 мыңнан астам сөз жайлы айтылады. Оның ішінде араб қана емес, парсы, ағылшын, грек, латын, француз, неміс, испан тілдерінен енген сөздердің көп екені жазылған. Португал, орыс, моңғол, түрік тілдерінен енген сөздер де аз емес дейді. Сондай-ақ, әзербайжан, мажар, жапон, кельт, қытай, малай, норвег, поляк, румын, тибет, украин, хинди, чех, швед, шотланд тілдерінен енген сөздер де бар екен. Азын-аулақ болса да, ондай сөздер бар көрінеді. Бұл нені білдіреді? Кез келген тілдің үнемі жаңа сөздермен дамып отыратынын білдіреді. Әйтпесе, қазақ қайда, норвег қайда дегендей...

Қазақ тіліне жаңа сөздер қосыла береді, қосыла береді. Тек қазақ тілі емес, кез келген тіл солай дамиды. Өйткені тілдің дамуына түрлі процесс әсер етеді.

Мысалы саяси процесспен жаңа сөздер кіруі мүмкін. Яғни бір ел екінші елді отарласа немесе миграция күшейсе, жаңа сөздер келері анық. Қазақ жастары қазір түрлі елде жұмыс істейді, білім алады. Олар да біршоғыр сөздерді ертең елге ала келуі ғажап емес.

Мәдени процесспен тілге жаңа сөздер еніп жатады. Музыка, жаңа фильмдер, кітаптар, ойындар арқылы дегендей.

Технологиялық процесспен жаңа сөздер кіруі мүмкін. Сіз бен біз дәп қазір сол аралықта жүрміз. Технология дамып жатыр. Бізге жаңа сөздер енуде. Телефон, гаджет, планшет, интернет, хай-тек, Wi-Fi және басқа мыңдаған сөздер бар. Бұның бәрі Батыстың сөздері, себебі технологияны солар дамытып жатыр, сәйкесінше сол жақтың терминдері әлем елдерінің тіліне енуде. Уақыт өтіп, бұл сөздер де толыққанды тілдің бір бөлшегіне айналуы мүмкін.

«70 пайыз сөздің орнына не қолданамыз» дегенге келсек. Осы сөзді айтқан сәтте ол «сол сөздер келгенше қазақ қандай сөздерді қолданды» деп ойланбаған сияқты да. Мысалы қазір «ауызашарды» «ифтар» дейтіндер бар. Бұрын ондайды жиі естімейтін едім, қазір көп айтылуда. Ақырындап «ауызашар» сөзін ысырып тастау көрінісі байқалады. Ол процесс жалғасса, осылай жүздеген сөзді жаңа кірме сөздер алмастыруы мүмкін. Бұл тілге діни процесспен еніп жатқан сөздер.

Қорыта айтқанда, имамның араб тілінен енген сөздерді айту арқылы дінді насихаттауы әлсіздеу аргумент па деп қалдым. Өйткені тілге түрлі тілден сөздер енген, енуде, ене береді және тілдің дамуына діни процесс қана әсер етпейді. Тіл деген динамикалық негізде дамып отырады. Сол себепті дін қызметкері дінмен, тіл қызметкері тілмен айналысқаны жөн.