Оларды жай-күйіне бей-жай қарамаған ақтөбеліктер әлеуметтік желі арқылы хабар таратып, көмек беруді сұрады. Бүгін отбасына қалалық әкімдік өкілдері барып, балалардың бақылауға алынатынын жеткізді, деп хабарлайды Bnews.kz тілшісі.
Ақтөбе қаласының ескі бөлігіндегі саяжайлардың бірінде тұратын Шыныбековтер отбасындағы балалар бірнеше күн бақылаусыз қалды. Құрылысы бітпеген үй, төсеніші жоқ бөлмелер, тойып тамақ ішпеген балалар ақтөбеліктердің назарын бірден өзіне аударды. Құрбан айт күні әлеуметтік желі арқылы хабар тарап, қарапайым адамдар қолда барын беріп, тамақ, төсеніш апарды. Енді жиһаз жинап жатыр. Ал балаларды бақылауына алған әкімдік бұл мәселені жан-жақты тексеріп, нақты шешім қабылдайтынын жеткізді.
Айта кетейік, егер ата-ана балаларын баға алмаса, оларға жағдай жасап, тиісті деңгейде бақыламаса іс комиссияда қаралып, алдымен ескерту беріледі. Тіпті, ата-ана құқығынан да айрылуы мүмкін.
«Әкесі шын мәнінде ауырып, денсаулығы сыр беріп, ауруханада ем алса, балалары жанында қалады. Жағдай өзгеше болса, балалар арнайы мекемеде тәрбиеленеді», - дейді Б.Бисенова.
Қазіргі уақытта үйге газ кіргізіп, жылыту мәселесі қаралып жатыр.
Айта кетейік, Сапаргүл Шыныбекова 18 жасқа толған. Ол қаладағы гуманитарлық колледждегі ақылы бөлімде білім алады. Жасмин – 10, Диана – 6, Інжу – 4, Индира – 3 жаста, ал кішкентайы Руслан – 7 айлық. Сапаргүл Шыныбекованың айтуынша, олар бұл баспананы салуды үш жыл бұрын бастаған. Дегенмен, көлік жүргізіп, таксист болған Бақыт Шыныбеков соңғы уақытта жұмыссыз жүр.