Индустриялық саябақты Алматыға таяу жерде Іле ауданының аумағында салу көзделген. "Атамекен" одағы Алматы облысының әкімі Шалбай Құлмахановқа осы ауданнан 100 гектар жер бөлу туралы өтініш жолдады, деді Е.Досмұхамедов.
"Саябақтың тұжырымдамасында бұл жерде кәсіпкерлер үшін мейлінше қолайлы жағдайлар жасау межеленген". Атап айтсақ, саябақ аумағында кеңселері, сауда орындары мен сервистік қызметтері бар кешенді бизнес-орталық, сондай-ақ, жолдары мен темір жол тұйықталымдары бар өндіріс орындары салынады. "Біз кәсіпкердің салық төлеу, тауарларды кедендік рәсімдеу, мемлекеттік мекемелерден анықтамалар алу тәрізді проблемаларды саябақ аумағынан шықпай-ақ шешуіне барлық жағдай туғызуға тырысатын боламыз",- деді Е.Досмұхамедов.
Осы жобаның аясында Астанада да "Атамекен" деп аталатын отандық кәсіпкерлік орталық құру көзделген. Алматыда саябақ құру құны 40 млн. доллар, Астанадағы орталық құны 28 млн. доллар болмақ. Қазір кейбір шетелдік банктермен құрылыс жұмыстарын қаржыландыру мүмкіндігі туралы келіссөздер жүргізілуде. Құрылыс 2005-жылы басталады, деді Е.Досмұхамедов. Жобаларды жүзеге асыру үшін жаңа акционерлік қоғам құрылып, оған қазақстандық бірқатар банктер мен кәсіпорындар енеді, деді ол.