"Атақ бар, ақша жоқ": A.Z "Ninety One" тобынан не себепті кеткенін айтып берді


Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.

“Топ құрылмас бұрын келісім шартқа қол қойылды, бірақ мен оның ішінде не жазылғанын білмеймін, оқымадым. Ерболат Беделхан бізге аға, ұстаз. Бізді дайындады, қанша еңбек етіп келіп, соңында әлдеқандай болып келісім шарт оқып отырмаймын ғой. Бастапқыда келісім шарт 8 жылға дегенде бәріміз тартынып қалдық. Кейін ұзағынан болсын деп келісіп, қол қойдық. Келісім шартты кетер кезде ғана оқыдым. Көп нәрседен көңілім қалды. Бірақ топтағы жігіттерде де, мен де кінә жоқ. Менің топтан кетуім екі жақты келісілген шешім болды. Бірақ қазір ойлап отырсам, дұрыс шешім қабылдамаған екенмін. Сол кезде кетпегенімде тағдырым сәл басқаша болар еді.

Бізді көшеде танып, суретке түсіп жүргенде біздің қалтамызда ақша болмаған кездер көп болды. Көп жерге бармайтын себебім ақшаның жоқтығынан. Балалармен бұл жайында жиі талқылайтынбыз. Бастапқыда бізге “Сендерге 15 пайыз молынан жетеді” дегенде кәдімгідей таңғалдық. Ал мен топтан шыққанда 50-50 болды. Оны да біз өзіміз сұрап алдық. Бәрі жақсы, біреу туралы жаман айтқым келмейді. Көп адам, тіпті менің әке-шешем мен бір жаққа шығып келсем ақшаны күреп тауып жатыр деп ойлайды. Бірақ олай емес. Менің тапқан ақшам жалдап жатқан пәтеріме, күнделікті тамағыма кетеді. Кейде сол ақшаны таба алмай қаламын. Өйткені мені концерттерге, тойға шақыра бермейді. Десе де жұмысымды тоқтатпаймын. Тек шығармашылығымның дамуына ақшаның жоқтығы қатты әсер етеді. Мысалы мен әнді де, альбомды да жазып тастадым. Бейнебаян түсіргім келеді, бірақ оған қаражатым жетпейді. Менің басымдағы клипті түсіру үшін көп ақша керек”, – дейді өнер иесі қиын кезеңдерді бастан өткізіп жатқанын айтып.