Атақты гитарашының әйелі шекарадан заңсыз өткені үшін ұсталды

Бұл – әйгілі гитарашы Валерий Дидюляның кезекті концерті. 1999 жылы Ләйлә есімді тәжік қызымен көңіл қосқан оның қазір бір ұл, бір қызы бар. Алайда екеуінің дәм-тұздары жараспай, 2005 жылы ажырасқан екен. Содан бері балалары атақты әкелерін тек теледидардан ғана көреді.

Ләйлә Хамрабаева, Валерий Дидюляның бұрынғы әйелі:

-Балалардың оқуы, киімі мен тамағы толығымен менің мойнымда. Ажырасқан соң ол маған не ақшалай, не өзгелей көмектеспеді. Балалар да әкелеріне ренжіп жүр. Алимент үшін бірнеше жыл соттастым. Бірақ нәтиже жоқ.

Жұлдызды әкенің отбасына көмектеспегені былай тұрсын, әйеліне екі баласын Ресейден сыртқа шығаруға сот арқылы тыйым салдырыпты. Тәжікстандағы әке-шешесінінің қолына баруға қамданған келіншек еліне Қазақстан арқылы жетпек болған. Пойызбен Петропавлға келгенде, мұндағы шекарашылар оны вагоннан түсірмей қойыпты. Амалы құрыған әйел Ресейдің  елімізге ең жақын Есілкөл деп аталатын бекетінен түсіп, Қазақстанға қарай астықты алқаптың арасымен жаяу тартқан.  


Дархан Ахметов, 2032 әскери бөлімі командирінің орынбасары:   

-Жаяу келе жатқан. Екі баласымен бір қыз, бір ұл, балалардың «самокатпен»келе жатқан.

Еліміздің шекарашылары ұсталған бұл үшеудің эстрада жұлдызының  туысы екенін білгенде жағаларын ұстапты. Бұрын-соңды мұндайды көрмеген олар әйгілі гитарашының әйелінің ісін аудандық сотқа жіберген.

-Аудандық сот Ләйлә Хамрабаеваға шекара бұзғаны үшін 75 мың теңгедей  айыппұл салды. Енді ол он күн ішінде елімізден кетуі тиіс. Айыппұлды сол күні-ақ төлеген келіншек қазір Алматыға кетіпті. Сол жерден балаларымен бірге отаны Тәжікстанға ұшпақшы.