- Барып қайт, балам, ауылға,
Шалғынға аунап,
Құмында ойнақ салып қайт...
Жүрек тербер осындай тамаша әндерімен халқының жанын тебіренткен талантты сазгер Темірәлі Бақтыгереев тағдырдың тепкісін көрді. Соған шыдады. Бірақ талант иесінің осындай қиын кезде жұрт назарынан тыс қалғаны қынжылтады.
Әншілерді елдің бәрі білсе, сазгер ұмыт болған. Ел сүйіп тыңдайтын «Барып қайт, балам, ауылға», «Ғашықтар сенімі», «Сағыныш» секілді 300-ге тарта әнді жазуға 40 жыл өмірін сарп етті. Бір кездері өнер аспанының биігіне көтеріліп, даңқы да өрлеген ол 2002 жылы көлік апатының салдарынан өмірінің соңына дейін төсек тартып жатты.
Темірәлі Бақтыгереев:
– Бір аяғым дұрыс істемейді қазір. Сал ауруы дейді ғой.
Тағдырымен бетпе-бет қалған өнерпаз қазағын ән-кеудесімен құшуға құмартып-ақ тұратын туындыларды өмірге әкелсе де, не бір атақ-дәреже, не бір марапат қағаз да бұйырмаған. Соққы үстіне соққы болып, композиторлар одағының қатарынан сызылып тасталды. Олар адамның талантын таразыламай дипломның жоқтығын желеу етсе керек. Дарыны тас жарған Темірәлінің соңғы жылдардағы жай-күйі кез келгеннің жаның күйзелтеді. Еліне еңбегі сіңген сазгер атақсыз, баспанасыз қызының үйін паналап жүрсе де, өмірдегі басты бір арманы болған.
Темірәлі Бақтыгереев:
– Ұлым болып еді екеуінің арасында. Шетінеп кетті. Үлкен қызыма тапсырыс беріп қойдым, егер келесісі ұл болса маған бересің деп.
Халықтың жүрегінде мәңгі ұялаған туындыларды әр жылдары Тұңғышбай Жаманқұлов, Нұрлан Өнербаев, «МузАРТ» тобы мен өзгелері орындап, қазір де сол әндер мәнін жоғалтпады, тыңдарманның құлақ құрышын қандырып келеді. Төсек тартқан тау тұлға бүгін таң ата мәңгілік өмірге аттанды. Қаралы хабарды естіп жеткен жұрт та осында жүр.
Күнжамал Сәкенова, Т.Бақтыгереевтің балдызы:
– Келген сайын әркімге өлең шығарып, сондай көңілді кісі болатын. Баянын алып, ойын-тойда бірге жүретін. Өте ақкөңіл кісі ғой. Құдайға да жақсы керек дейді ғой. Көп қиындықтар көріп ауырды, кезінде ешкім онша елей алмады.
Алпысты алқымдаған шығармашылық иесі соңғы жазбаша сұхбатында жан сырын ақтарып, ел ішінде жүрсе де, елеусіз ғұмыр кешіп жатқанына налып, мұңын шағыпты. Төсекке таңылған тағы бір талантымыз тасада қалып, көз жұмды. Марқұммен қоштасу сенбі күні Алматыда өтеді.