Атақты Шалқар көліне экологиялық апат төніп тұр

Шомылғандар шалшығынан кетпейтін, тұздылығына батыста ешбір су жетпейтін Шалқар көлінің жағдайы осылай шатқаяқтап қалды. Тері ауруларына таптырмас дауа делінетін суға түсуге оралдықтар ғана емес, өзге аймақтардан да адамдар ағылып келетін. Бірақ бір аптадан бері мұның барлығы сап тыйылды. Көл суы аяқасты көгеріп, нағыз батпаққа айналып шыға келген. Ал маңайды қолқа қабатын иіс жайлаған.

Виктор Кузнецов, Орал қаласының тұрғыны:

-Ақыры демалуға келген соң суға түсіп жүрмін. Бірақ балаларымды жағажайға отырғызып қойдым. Өйткені мына батпақтың не екенін білмейміз. Иісі өте жағымсыз, бүлінгені көрінсе де суды тексеріп келіп жатқан жан жоқ.

Ал туризмі тұралап тұрған Шалқардың жағалауына киіз үй тігіп нәпақасын айырып жүрген кәсіпкерлер болса демалушыларға дем беруде. Лас батпақ пен жағымсыз иіс жуырда кетеді деп жар салып әлек.

Ұзақпай Жұбанәлиев, Шалқар қаласының тұрғыны:

-Бұл қамыстікі судың несі. Жылына бір рет болады, тазарады ол. 1-2 болады да тазарады су. Жылына 1-2 рет болатын лас.

Шалқардың суына мұнай қалдығы төгілді деген болжам бар. Қолқаны қабатын да сол күкірт иісі болуы мүмкін. Әзірге оны мамандар растаған жоқ. Шенеуніктер де әуелгідей елді тыныштандырып әлек.


Серікбай Иманқұл, БҚО Тұтынушылар құқығын қорғау департаментінің төрағасы:

-Ол жерде алып бара жатқан апат жоқ. Қатты өзгеріс те байқалмайды. Әзірге суға түсуге болмайды. Біз сараптама қорытындысын жариялап нақты себебін айтамыз.

Сол сараптаманың алғашқы қорытындысы да көпке ұзамай шықты. Расында Шалқар көлінде зиянды қоспалардың мөлшері тым асып кеткен. Ал жағадағы күлгін қалдықтар мен қолқаны қапқан сасық иіс шіріген балдыр мен қамыстар көрінеді. Сондықтан әзірше суға шомылай тұра тұруға кеңес берді мамандар. Олар енді көл суының бұлай аяқасты бүліну себебін анықтамақ.