«Атақтылар неден қорқады?» - БАҚ-қа шолу

***

Әрбір адамның бойында үрей болады. Біреу оттан, біреу судан қорқады. Ал енді біреуі зияны жоқ кішкентай жәндікті көріп, отырған орнынан ыршып түсуі мүмкін. Мұны ғылымда фобия дейді. Ал атағы жер жарған танымал тұлғалар неден сескенетіндігі «Айқын» газетінің бүгінгі санындағы «Атақтылар неден қорқады?» деген тақырып аясында топтастырылып беріліп отыр. Мәселен, басылымның жазуынша, сұлулықты сипаттайтын суретшілердің арасында әдемі әйелден қорқатындары да болыпты. Расында, жазушылар, атақты адамдар сұлу әйелдің шырмауында қалудан қауiптенген. Суретші Михаил Врубель әдемі аруды көргенде, қатты ыңғайсызданып, бойын қорқыныш билейтін болған. «Голливуд актерлерi Бред Питт, Том Круз, Скарлетт Йохансон, тіпті «Өрмекші адам» фильмінде басты рөлде ойнаған Тоби Магуайер бүйіден, өрмекшінің басқа да түрлерінен қорқады екен. Негізі, бүйінің бір түрі - қарақұрттан бәріміз қорқамыз. Жусан иiсі аңқыған қазақ даласымен жақсы таныс жандар мұның қандай қауіпті жәндік екенін біледі. Бірақ қой иісінен қорқатын қарақұрт ауыл қазақтары үшін қауіп емес. Мансабы мен жеткен жетістіктеріне қарамастан, барлық адам қорқады. Бұл заңды да. Ал сіз ше? Неден қорқасыз?» - деп жазады басылым.

Ғалымдардың бір мезгілде бірнеше жоғары оқу орындарында дәріс беруін дұрыс деп санайсыз ба? Міне, осы сауалды «Айқын» газеті еліміздің бетке ұстар профессорларына қойған. Бұл сауалға жауап берген заң ғылымдарының докторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Арықбай Ағыбаев: «Атағы дардай профессорлардың бір мезгілде бірнеше жоғары оқу орындарында сабақ беруі - ақылға сыйымсыз. Анда-мында шапқылап жүрген ұстаз қандай білім беріп жарытады? Меніңше, бұл жүйені жойған дұрыс», - дейді. Қазақтың Абай атындағы Ұлттық педагогика университетінің оқытушысы, саяси ғылымдар докторы, профессор Гүлшат Нұрымбетова мұны ұстаздардың айлығы аз болғандықтан амалсыз баратын тірлігі санайды.


***

«Қазақстанда күздің соңғы күндеріне қарай бензин бағасы тағы да қымбаттайды», - деп жазады «Казахстанская правда» газеті «Бензиновое дежа вю» деген тақырыптағы мақаласында. Басылым жанармайдың қандай себеппен қымтаттайтындығы егжей-тегжейлі құлағдар етуге тырысқан.

**

Павлодарда қалжыңдасқан полиция ведомствосының 2 басшысы жаға жыртысып қалды. Бұл жайында «Экспресс К» газетінің бейсенбілік нөміріндегі «Мое кунг-фу сильнее твоего каратэ» деген тақырыптағы мақалада айтылған. Басылымның жазуынша, оқиға бастықтардың бірінің қызметтік бөлмесінде орын алған көрінеді. «Оқиға Павлодар облыстық ІІД Криминалдық полиция басқармасының бастығы Бақытбек Байзелдинов пен Ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасы бастығының орынбасары Талғат Ешімовтың арасында орын алды. Дегенмен, бұл олардың кәсіби қызметтеріне байланысты емес. Аталған факті бойынша қызметтік тергеу жүргізілуде», - депті басылымға облыстық ІІД баспасөз қызметінің қызметкері Алма Мұсабекова.