Атаулы әлеуметтік көмекті қалай алуға болады?

Астана қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасында белгілі болғандай, атаулы әлеуметтік көмек шартсыз және шартты ақшалай көмектің көрсетілуін көздейді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

«Шартсыз ақшалай көмек құрамында еңбекке қабілетті мүшелері жоқ отбасыларға (мысалы, мүгедек немесе егде жастағы зейнеткерлердің отбасыларына), немесе еңбекке қабілетті мүшелері объективті себептер бойынша жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің шараларына қатыса алмайтын отбасыларына (мысалы, мектеп жасына дейінгі балалармен жалғыз басты ана) ұсынылады. Мұндай отбасыларға жәрдемақы алу үшін міндетті түрде жұмыспен қамтудың шараларына қатысу талап етілмейді.  Ал шартты ақшалай көмек әлеуметтік келісім шарт жасасқан және отбасының барлық еңбекке қабілетті мүшелерінің жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің шараларына міндетті қатысқан жағдайда өз құрамында бір еңбекке қабілетті мүшесі бар отбасыларға ұсынылады», - деп мәлімдеді ведомствода.

Басқарманың мәліметі бойынша, 1 қарашадағы жағдайға сәйкес АӘК бойынша 11 мыңнан астам астаналыққа кеңес берілген.

«Жыл басынан 11 мыңнан астам адамға жаңа АӘК тағайындау туралы кеңес берілді. АӘК  854 отбасыға тағайындалды, онда 4240 адам бар. АӘК алушыларына отбасының табысы аз екенін растайтын сертификат беріледі.

«АӘК тағайындаудың міндетті шарты – еңбекке қабілетті барлық отбасы мүшелерінің жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің шараларына қатысу және әлеуметтік келісімшарт жасасу. Әлеуметтік келісімшартқа қол қоя отырып, әлеуметтік қызметке негізгі жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларын жүргізу орындау және жәрдемақы төлеу міндеті жүктелсе, еңбекке жарамды отбасы мүшелері – жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің шараларына адал қатысуға міндетті», - деп атап өтті жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасында.

Ведомствода, сондай-ақ, отбасының жиынтық табысын есептегенде, отбасы және отбасының бірге тұратын барлық мүшелері, жалпы үй шаруашылығын басқаратын және бір елді мекенде тұрғылықты жерінде тіркелгені ескерілетіндігі айтылды. АӘК-ке өтініш білдіретін отбасы құрамы өтініш берген кезде ескеріледі. Отбасының жиынтық табысын есептеу кезінде Қазақстан Республикасында және одан тысқары жерлерде есептік кезеңге түскен табыстың барлық түрлері (АӘК үшін өтініш айына дейінгі тоқсан үшін) есепке алынады.  


«Бір адамға (отбасына) атаулы әлеуметтік көмек мөлшері жан басына шаққандағы орташа табыстың және кедейлік шегі арасындағы айырмашылыққа тең. АӘК ие болу үшін бірыңғай критерий – ең төмен күнкөріс деңгейінің шамасынан (16 497 теңге - ағымдағы жылдың 3-тоқсанындағы кедейлік шегі) 50% төмен орташа жан басына шаққандағы табысының болуы», –делінген хабарламада.

2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап елімізде жаңа форматтағы әлеуметтік көмек енгізілді. Ол 2017 жылдың 31 желтоқсанына дейін үш белсенді әлеуметтік төлемнің орнына беріледі. Атап айтқанда, бұл 4 және одан да көп кәмелетке толмаған балалары бар көп балалы отбасыларға кірістеріне қарамай республикалық бюджеттен төленетін арнаулы мемелекеттік жәрдемақылар (АМЖ), отбасының кірістерін ескере отырып, жергілікті бюджет қаражаты есебінен ұсынылатын табысы аз отбасыларға 18 жасқа дейінгі балалар жәрдемақысы (МБЖ), отбасының кірістерін ескере отырып, жергілікті бюджет қаражаты есебінен табысы аз үй шаруашылығына берiлетін атаулы әлеуметтік көмек.