Атбасар тұрғындарына медициналық көмек көрсетіліп жатыр

Аяқ астынан Атбасардың астан кестенін шығарған топан судың қазір беті қайтқан. Жұрт су тиген дүниелерін кептіріп, ал жөндеу жасауға қаражаттары жоқтар көмек күтіп отыр. Бәрінен бұрын, Алматыдан арнайы медициналық көмек келіп жеткені оларды бір қуантып тастады. Өйткені, дымқыл үйде денсаулығы сыр бергендер аз емес. 

Күміс Баймағамбетова, Атбасар қаласының тұрғыны:

-Қазір мамамның да өзімнің де денсаулығыммен ауырып қалдық. Емханаға бара алмаймыз. Үйді жауып кете алмаймыз. Бәрі есіктер қазір судан көтеріліп кетіп үйде қарап отырмыз. Бізге медициналық көмек өздері келгеніне рахмет айтамыз.

Атбасарлықтар үшін «Асар-Береке» қорының асары аса қажет еді. 2008-ші жылдан бері мыңдаған адамға медициналық көмек көрсеткен ұжым осы жолы да топан судан зардап шеккен тұрғындарды жаппай қабылдауға кірісті.

Гүлзада Байдүйсенова,Атбасар қаласының тұрғыны:


-Барлық қаншама халық тұр. Көмек көрсетіп жатыр. Минимальная пенсия алам мен, маған міне помощь қылып жатыр, тегін беріп жатыр.

 Галина Шокарева, кардиолог:

-Тасқыннан зардап шеккендерге көмек көрсетуге келдік. Тексеріп дәрігерлік кеңес береміз. Соңғы үлгідегі медициналық құрылғылар бар. Байқағанымыз психолог маманға көптеп келіп жатыр. Тұрғындардың барлығы денсаулығын қаратқысы келеді, осы аптада бәрін де қарауға тырысамыз.

Жылжымалы кешеннің құрамында кардиолог, офтольмолог, невропотолог, хирург, терапевт, психиатр мен уролог сияқты барлық мамандар бас қосқан. Кімге көрінемін десе де рұқсат. Бүгін екінші күн болса да 300-ден аса адам дәрігерге қаралған. «Асар-Береке» қоры Атбасарда осы апта бойы тұрғындарға тегін көмек көрсетпек.