Елімізде осындай станцияларды салу үшін шығыстағы Курчатов қаласының маңы таңдалған. Жергілікті ғалымдармен 20 жылдан бері байланыс орнатқан күншығыс елінің өкілдері де бұл жобадан шет қалмақ емес. Семей сынақ полигонының зардабын жоюға атсалысқан жапондық ғалымдар жиған-терген тәжірибемізбен бөлісуге әзірміз деп отыр. Жапонияда бүгінде 50-ден астам атом электр станциясы бар екен. Қазақстан Үкіметі болса, елдегі өндірістің дамуы осындай станцияларға тікелей тәуелді екенін айтуда. Сондықтан оның құрылысына қарсы шыққандарға қарамастан, қуат өндіретін нысан бәрі-бір салынатын болады.
Тетсуро Ивами, «Marubeni utility services» компаниясының президенті:
-Біздің еліміздегі Фокусима станциясында жойқын апат болғаны баршаға мәлім. Одан ауыр сабақ алдық десек болады. Жаңа станция салатын кезде ондағы қателіктерді қайталамауға тырысамыз. Қазақ еліне көмектесуге әзірміз. Маман әзірлеуде тәжірибеміз де жеткілікті.