Бүгін біздің түсіру тобымыз мемлекет басшылары келіссөз жүргізетін ғимаратта болып, дайындық барысын өз көздерімен көріп қайтты.
-Осыған дейін күн жарқырап тұрған Атырауда бүгін таң атқалы жаңбыр құйып кетті. Бірақ мұндай қолайсыздық, әзірлікке еш кедергісін келтіріп жатқан жоқ. Себебі мұнайлы шаһар екі бірдей ел басшыларының алдында ұятқа қалмау үшін 1 жыл жатпай-тұрмай дайындалған болатын.
Оның нәтижесі шынымен де бас айналдырарлықтай. Атырау адам танымастай өзгерген. Ала жаздай жаппай жолдар жөнделіп жиектастар ауыстырылып, көзге түсетін тұрғын үйлердің сыртқы келбеті жаңарды. Ал Президент кортежі жүретін жолдар жалтырап жатыр. Басты даңғылдарға жағалай екі мемлекет басшыларының суреттері ілінген.
Қазір бұл Атыраудағы нөмірі бірінші стратегиялық нысанға айналды. Назарбаев пен Путиннің кездесуі үшін 7 айда салынған зәулім ғимараттың үстінде де, ішінде де қызу қарбалас. Кеңейтілген отырыс өтетін залдың әр бұрышы қайта-қайта сүртіліп жатыр. Мемлекет басшылары деңгейінде өтетін жиын болғандықтан, ешнәрсе де арнайы бекітілген ережеден ауытқымауы тиіс.
-
Ту тік қалпында тұруы тиіс.
Тудың қалай орналасуы ғана емес, Үкімет мүшелерінің қайда отыратыны анық жазылған. Тікелей трансляция жасалатындықтан дыбыспен қамту жағы да басты назарда. Президенттердің аты-жөнін хабарлайтын диктор да дайындығын жиі тексеруде.
-Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев және Ресей президенті Владимир Путин
Дәл осы үстелде қос мемлекет басшысы келіссөздерден соң мемлекетаралық келісімге қол қоймақ. Ал бұл жерде Нұрсұлтан Назарбаев форумның иесі ретінде Владимир Путинге және онымен бірге еріп келген ресми делегацияға дастархан жаяды.
- Алдымен сорпа береміз. Бір –екі рет ауыз тиген соң бірден 1-ші, 2-ші тағамды ұсынамыз.
Президент ас мәзірінде сорпа 1-ші, 2-ші тағамнан бөлек, тәтті мен жеміс жидектен жасалған десерт те бар. Ал жаңбырлатып тұрған Атырауға Владимир Путин Астрханьдағы Каспий маңы мемлекет басшылары самитінен соң Нұрсұлтан Назарбаевпен бірге келеді деп күтілуде. Қазір Атырауда қауіпсіздік шаралары барынша күшейтілген.