Алғаш індетті жұқтырған мал 20-сәуірде анықталған болатын. Сиырлар мен қойлардың ауыздарының уылғандығы байқалған. Атыраудан келген мал дәрігерлік қызметінің мамандары тиісті талдау жүргізіп, "аусыл" диагнозын қойған.
"Қазақстан Республикасының ауылшаруашылық министрлігінің агроөнеркәсіп кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитетінің Атырау облыстық аумақтық инспекциясы" мемлекеттік мекемесінің бастығы Қосыбек Ырзағалиевтің айтуынша, Қызылқоға ауданында "О" тобының аусылымен ауырғандардың саны 186 басты құрайды, олардың 12-сі өртелген, оның ішінде бесеуі ірі қара.
Жексенбі, 13-мамыр күні, мал дәрігерлер ауру сиырлар мен қойларды жоя бастады. Сонымен қатар, 40 мың малдың 22 мыңына вакцина егілді.
Ауру ошағы Сағыз ауылында. Аталмыш елдімекен мен маңайдағы ауылдар оқшауландырылған, бұл аудандардан ет тасымалдауға тыйым салынған. Үш карантин пункті жұмыс істеуде, қалған малдарға вакцинация егумен айналысатын бригада құрылған.
"Бес күн ішінде, 1400 үйді тексеру барысында жергілікті тұрғындар арасында ауру жұқтырғандар кездеспеді",- деп хабарлады Атырау облыстық денсаулық сақтау департаментінің директоры Мұрат Күлбасов.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті