"Үстіміздегі жылы облыстағы ауыр және өте ауыр қылмыстардың саны өсіп отыр. Егер өткен жылы полиция қылмыстың осы түрі бойынша 676 қылмыстық іс қозғаса, осы жылдың он айында 851 қылмыстық іс қозғаған, олардың ішінде қасақана кісі өлтіру, денсаулыққа ауыр зардап келтіру, зорлау сияқты қылмыстар бар",- деп хабарлады облыстық ішкі істер департаментінің тергеу басқармасының бастығы Есмұхан Қажкенов.
Оның айтуынша, 10 ай ішінде тергеу бөлімшесі 2361 қылмыстық істі тергеп (өткен жылдың осы кезеңінде - 2388), сотқа 1043 іс жолдаған (2006 жылы - 908). Ауыр қылмыстардың 211-і ашылмай отыр.
Ұйымдасқан қылмыстық топ құру және оған жетекшілік ету, ірі көлемде есірткі сату және сақтау, ірі көлемдегі бөтен мүлікті жымқыру деректері бойынша қозғалған үш қылмыстық істің екеуі бойнынша кінәлілер сотталған. Ал ұйымдасқан қылмыстық топ құру жөніндегі бір қылмыстық іс сот қарауында жатыр.
"Қазір тергеу бөлімшелерін материалдық-техникалық тұрғыдан жабдықтау және тергеу сапасын жақсарту, қызметкерлерді жұмысқа ынталандыру сияқты көптеген жұмыстар жүргізіліп жатыр",- деп хабарлады Е. Қажкенов.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті