Жаңа тариф Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау агенттігінің Атырау облыстық департаментінде мақұлданды. Бірақ бағаның көтерілуі облыс тұрғындарының ренішін туғызды. Осы мәселеге орай Атырау су арнасы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны мен басқа да құзырлы орган басшылары арнайы баспасөз маслихатын өткізді. Адамға ауадан кейінгі аса қажет ауызсудың қымбаттайтыны туралы қауесет шыққалы қала тұрғындарынан маза қашты. Себебі тіршілік нәрінің бірден 50 пайызға шарықтауы кімді болса да бейжай қалдырмасы анық. «Атырау Су Арнасы» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны – мұнайлы өңірді ауызсумен қамтамасыз ететін және кәріз жүйесіне жауапты бірден-бір монополист компания. Ауызсу бағасының шарықтауын олар өзінше түсіндірді. Былтыр қызмет көрсетуші компания жалпы құны 727 миллион 820 мың теңгені құрайтын инвестициялық жобаны қолға алған болатын. Жоба толық жүзеге асқанда облыс орталығындағы су қысымын реттейтін стансаларда 91 қондырғы жаңартылып, электр қуатын пайдалану айтарлықтай азаяды дейді мамандар.
Андрей Ташлыков, «Атырау Су Арнасы» КМК директоры:
- «Судың да сұрауы бар». Енді бұрынғыдай ауызсуды орынсыз рәсуалауға жол берілмейді. Кәсіпорын өз өнімінің әр пәтерге шығынсыз жетуіне мүдделі болса, тұтынушы оны үнемдеуді үйренуі тиіс. Кәсіпорын жаңа тарифте 1 текше метр суға 650 теңге, кәріз жүйесіне 150 теңге деп өтініш берген. Алайда Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау департаменті ол өтінішті ішнәра қанағаттандырды. Әлсейіт Сабыр, облыстық табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау департаменті басшысының міндетін атқарушы: - Бұған дейін 1 текше метр ауызсудың бағасы 68 теңге болса, енді тұтынушы оған 101 теңге төлейді. Аталған тариф 2015-2020 жылдарға арналған. Осы уақыт ішінде облыс бойынша ауызсудың бағасында ауытқушылық болмайды. Маусым айынан бастап еліміз бойынша су есептеудің жаңа ережесі енгізілгені белгілі. Ереже бойынша пәтер тұрғындары ауызсуға жеке есептегіш арқылы бір төлесе, жалпы көппәтерлі үйге берілген су шығынының айырмасын да бөлісіп көтереді. Яғни енді монополист мекеме әр литр судың шығынын тұтынушыдан өндіріп алады, - деп хабарлайды http://24.kz/