Атырау облысында автокөліктерді айдап әкетумен шұғылданған жастар ұсталды

Полицияның ақпаратына сәйкес, маусымның 27-сінен 28-іне қараған түні жеке тасымалмен шұғылданатын жүргізушіге қарақшылық шабуыл жасалған. "Қылмыскерлер жүргізушіні буындырып өлтірмек болғанымен, жүргізуші жан таласа қарсылық көрсеткен. Бұдан кейін қылмыскерлер оны ұрып жығып, жолдың шетіне тастап кеткен. Ал "Опель-Вектра" автокөлігін олар мініп кетеді",- дейді тәртіп сақшылары.

Қалада арнаулы шара жүзеге асырылып, күдіктілер бірнеше сағаттан кейін Атырау-Орал тас жолының бойынша ұсталды. Шабуылшылар - бозбалалар болып шықты, олардың екеуі 19-да, біреуінің жасы 18-де, ал қалған екеуі 15 және 16 жаста болып шықты.

Тергеу барысында тәртіп сақшылары ағымдағы жылдың наурыз-сәуір айларында бұл топтың осы тектес үш қарақшылық шабуылға барғанын анықтады. Айдап әкеткен автокөліктерді жігіттер қосалқы бөлшектерге айналдырып, қаңқасын қаланың сыртына тастап отырған.

Ұсталғандар қылмыстарын мойындап, қазір уақытша тергеу абақтысында отыр. Қылмыстық іс қозғалып, оны қалалық ІІБ-нің тергеу бөлімі тексеріп жатыр.


Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті