Атырау облысында браконьерлерге ауқымды күрес жарияланды

Бұл – Каспийдің іргесіндегі балықшылығымен аты шыққан Жанбай ауылы. Мынадай моторлы-моторсыз қайықтар барлық үйде бар. Жанбайдағы еркек кіндік атаулы таңның атысы, күннің батысы теңізден балық аулайды. Онысын осындағы кәсіпорынға өткізіп, табыс табады.

Жаңабай Жәрдемов, Жанбай ауылының тұрғыны:

-Осы ауылдың негізгі табыс көзі көбіне балық шаруашылығы. Уақ балықпен айналысамыз. Уақ балық дегенде қаракөз, табан балықтары. Біздерге қызыл балық келмейді, ондаймен айналыспаймыз.

Ал ауылды асырап отырған басты байлық – бағалы бекіре туралы бұл жақта абайлап сөйлескен дұрыс. Сырттан келген адамның да іздегенін таба қоюы өте қиын. Себебі, бекіре үшін басын бәйгеге тігетін жанбайлықтар бір-бірімен келісіп алғандай жарытып жақ ашпайды. Күндіз моп-момақан жататын ауылдағы қызу тіршілік түнде басталады. «Бекіре» операциясы басталғалы бері тәркіленген 13 тоннаға жуық балықтың дені Жанбайдан шыққан. Бірақ бекірені сақтауға бағытталған шаралар жыл сайын өткізіліп жатса да, заңсыз іспен айналысатындардың саны азаяр емес.

Гүлнәзира Мұхтарова, Атырау облыстық ІІД баспасөз хатшысы:

-Осы кезеңде 139 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 20 қылмыстық іс көтеріліп, 3-еуі сотқа жіберілді.

Сәуірде басталған «Бекіре» операциясы мамырдың соңында аяқталмақ. Тәртіп сақшылары болса, жоғарыдағы көрсеткіштің әлі де көбейетінін айтып отыр. Айта кетейік, құнды балықтарды аулап, сату заңмен шектелсе де, пайдаға құныққандарға тоқтау бола алар емес. Оларға тіпті салынатын айыппұл көлемі мен кесілетін жаза да тұсау болмайтын сияқты. 

Loading...