Атырау облысында дәретханадан табылған нәрестенің жағдайы белгілі болды

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы 3 қазанда көшедегі дәретханадан табылған шақалақ Индер аудандық ауруханасының босану бөлімінде жатқанын жеткізді.

"Нәрестенің жынысы – ер. Бала ауруханаға түскенге дейін суықтап қалған. Дәрігерлер нәрестенің өмірін сақтап қалу үшін медициналық ем-дом шараларын жүргізді. Қазір баланың жағдайы тұрақты, алайда орташа ауыр деп бағаланып отыр”, – дейді басқармадан.

Ал нәрестенің анасы – Индер ауданының 1990 жылғы тұрғыны аудандық аурухананың босанудан кейінгі бөліміне жатқызылды.

“Қазір жаңа туған шақалақ та, анасы да дәрігерлердің бақылауына алынды. Оларға қажетті емдеу шарасы көрсетіліп жатыр", – делінген хабарламада.


Облыстық полиция департаменті ҚР Қылмыстық кодексінің 119-бабы 1-бөлігімен (Қауіпті жағдайда қалдыру) қылмыстық іс қозғады. Сотқа дейінгі тергеу басталды.

Айта кетсек, бұған дейін Атырау облысында безбүйрек ана жаңа туған сәбиін дәретхананың шұңқырына тастай салғанын жазған болатынбыз.