Атырау облысында көлік түйені қағып кетті: 3 адам қаза тапты

Атырау облысында жеңіл автокөлік жолда келе жатып, түйені қағып кеткен. Қаза тапқандар мен зардап шеккендер бар, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жол-көлік оқиғасы Ескене кентінің маңындағы Атырау-Ақтау автожолында орын алды. «Жигули» автокөлігінің рөлінде 1997 жылы туған қала тұрғыны болған. Көлік жолдан өтіп бара жатқан түйені қағып, аударылып қалған. Көлік жүргізушісі мен екі жолаушы оқиға орнында көз жұмды. Тағы екі адам әртүрлі жарақат алып, облыстық ауруханаға жатқызылды. Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлағандай, жол апаты дерегі бойынша ҚР ҚК 345-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Жыл басынан бері облыс аумағында 117 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Салдарынан 24 адам көз жұмған.