Бұл туралы Caravan.kz медиа-порталы Tengrinews.kz-қа сілтеме жасап хабарлайды.
"Зардап шеккен адам 25 сәуірде сағат 17.00-де Облыстық балалар ауруханасының қабылдау бөліміне түсті. Ол лор бөліміне жатқызылды. Науқасқа шұғыл ота қажет емес екеніне және қазір жақ-бет хирургиясы бойынша маман болмауына байланысты Батыс Қазақстан облыстық ауруханасының мамандарына жіберу туралы шешім қабылданды. Науқасқа жоспарлы түрде 7-10 күн ішінде ота жасалуы керек еді. Алайда ата-анасы бүгін сағат 12-де баласын қолхат жазып, Оралға ұшақпен алып кетті. Облыстық балалар ауруханасы қазір жақ-бет хирургиясы маманын даярлап жатыр, ол биыл жұмысқа кірісуі тиіс", – деді Облыстық балалар ауруханасының директоры Нұрқабыл Айтмұхамбетов.
"Оқиғаға байланысты қаланың білім бөлімі мектепте түсіндіру жұмыстарын жүргізді, мектеп директорлары мен әкімшілігіне тәртіптік жаза қолданды. Оқушының жағдайы бақылауға алынды", - деді Қалалық білім бөлімінің басшысы Фариза Шаңгереева.
Атырау қаласының прокуроры Аршат Тайтуллиннің айтуынша, тергеу-жедел іс-шаралары барысында кінәлі саналатын 11-сынып оқушысы анықталған. Оқиға куәгерлерінен жауап алынған. Қазір қылмыстық іс бойынша, оның ішінде сот-медициналық сараптамалар жүргізу бойынша қажет тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.
"Мектеп директоры кәмелетке толмағандар жасаған құқыққа қарсы әрекет туралы хабарламағаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 127-1-бабын 1-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды", - деп атап өтті Аршат Тайтуллин.