Әмина - мерез дертімен тіркеуде тұрғандардың бірі. Екі баланың анасы. Аты жаман ауруды осыдан 4 жыл бұрын өзгеден емес, өзінің сүйіп қосылған алғашқы жарынан жұқтырыпты. Дер кезінде ем-дом алып, жазылып шыққан. Үшінші сәбиіне жүкті боп, емханаға тіркеуге келгенде бойынан осы бәле тағы анықталып отыр. Сөйтсе, екінші күйеуі де мерезбен ауырады екен.
Әмина:
- Жолдасымның салғырттығынан болар, жеңіл жүрісінен болар, осындай халде тұрмын. Ендігі бар тілегім, ішімдегі шаранама осы ауруым берілмесе екен деймін.
Дәрігерлер мерездің белең алуына сауатсыздық, жеңіл жүрістілік себеп деп отыр. Мұны жұқтырғандардың дені 17 мен 49 жас арасындағылар. Елуді еңсерген отағасылар да жоқ емес. Сондай-ақ мұнайлы өңірге жұмыс іздеп келген шетелдік келімсектерден де қауіп көп.
Мира Бердешева, дерматовенеролог:
- Мерездің дендеуіне миграция себеп. Басқа облыстардан, алыс-жақын шетелдерден көп келеді. Негізінен жұмысшылар, күзетшілер жеңіл жүрісті қыздарды жағалап, осы дертті жұқтырады. Бір қызығы, бізде тек осы диагнозбен 4-ақ жезөкше тіркелген.
Аймақта мерезге шалдыққандардың 90 пайызы ауруды мойындамайды, емделуге көнбейді. Ондайларды инспекторлардың көмегімен ауруханаға сүйреп әкелуге тура келеді екен.