Атырау облысында мұнайшылар қазған орға мал құлап, қырылып жатыр

-Жылқылар түсіп өлген шұңқыр Жаңаталап мен Салтанат кен орындары арасына газ құбырын тарту үшін қазылған екен. Бұл жұмыстар өткен жылдың желтоқсанында аяқталуы тиіс болатын. Бірақ белгісіз себептерге байланысты аяқталмапты. Енді жұмысын жөнді орындамаған мердігердің кесірінен қарапайым халық қырғын малынан айрылып отыр.

Өлген малдардың біразы ауыл шаруашылығын қолдау мақсатында берілген несиеге алынған. Жылқы өсіріп, жан бағамыз деген жұрттың бес күннен бері өлексе жинап жүрген жайы бар. Кейбірі бір-екі бас малынан, енді бірі үйірінен айрылған.

Мұрат Қадыров, Аққыстау ауылының тұрғыны:

- Жұмыссыз отырған адамдар бар осы малға қарап отырған. Енді оған біреу жауап беру керек қой деп ойлаймын.

Жансиық Мұхамбетәлиев, Аққыстау ауылының тұрғыны

-1-2 күн боран көмбеген, соның себебінен малымыз траншеяны көрмей түсіп кеткен.  Айғырым үйірімен кетті.

Қазылған шұңқырдың иесі – «Монолит Инвест» фирмасы. Мұндағы жұмыстар өткен жылдың тамызында басталып, 4 айда аяқталуы тиіс екен. Бірақ сынақтан өтпеуі себепті тартылған құбырлар көмілмеген. Бірақ фирма басшылығы жылқыны ол жерге итеріп құлатқан жоқпыз деп жауапты қысқа қайырды.

Бибінұр Юсупова,
"Монолит Инвест " ЖШС БАС ДИРЕКТОРЫ:

-Ешкім ол жылқыны ол жерге итеріп құлатқан ешкім жоқ ол жерге. Траншея бар болғаны жарты метр ені. Біздің Атыраудың жылқылары секіріп өтіп кету керек. Қар жауғаннан кейін айналып өтетін жол болды. Жолдың барлығы жабылып қалғаннан кейін жылқылар өте алмай траншея жақтан өткен ғой.

Ал малдың қырыла бастағанына аптаға жуықтаса да, ол жерге бір рет те барып көрмеген аудан басшылығы уайымдайтын еш нәрсе жоқ деп жайбарақат отыр.

Тұрарбек Сұлтанбеков,  Исатай ауданының әкімі:

-Біз енді бұл мәселені қадағалауда ұстап отырмыз. Мердігер мекеме осы қызметті атқарған «Монолит инвест» ЖШС-мен сөйлесіп отырмыз.  Компенсация төлейміз деп отыр. Келіспеген жағдайда, қылмыстық іс көтеріледі, сот арқылы шешіледі.

Аудан әкімі бұлай деп басу айтқанымен, жылдар бойы жинап келгенінен бір күнде айрылып қалған жұрт сенгісі жоқ. Сондықтан енді тиісті орындарға жұмыла арыз жазбақшы.

Loading...