Атырау облысында отбасын түгелдей қырып тастаған адамды кек қайтару үшін өлтірген бақташының үстінен қылмыстық іс қозғалды

Бұдан бұрын да хабарлағынымыздай, қайғылы оқиға 6-қаңтарда облыстың Ендір ауданы Кулагино ауылынан 50 шақырымда орналасқан Нығмет атты қыстақта болған-тұғын. Қыстауда бір отбасы, атап айтсақ, бақташының өзі Серік Мәженов, оның 33 жастағы жұбайы, 11 жастағы қызы мен бақташының 63 жастағы көмекшісі М.Сұлтанбердиевтер тұрған.

С.Мәженовтың айтуынша, 6-қаңтарда таңертең қыстаққа Кулагино ауылының тұрғыны Әли Дүйсімов келген. Ол қыстақты азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз етумен айналысқан көрінеді. Қыстақ қожайыны онымен бірге жайылымға қарай шыққан. Соңынан үйге кері оралған олардың алдынан шыққан көмекші аң аулайтын мылтықпен Ә.Дүйсімовты атып өлтірген.
Бақташы әлгінің қолындағы мылтықты тартып алып, өзін мылтықтың дүмімен ұрып сұлатады. Өз үйінен бауыздап өлтірілген әйелі мен қызының мәйітін тауып алып есінен адасқан С.Мәженов көмекшісінің басын мылтық дүмімен мылжалап өлтіреді. Соңынан полицияны да өзі шақырған.
Облыстық ІІБ бастығының баспасөз хатшысы Гүлназира Мұхтарованың айтуынша, бақташының көмекшісі М.Сұлтанбердиевтің құжаттары табылған. Құжаттар оның Ендір ауылының тумасы екенін айғақтайды. Сондай-ақ, С.Мәженовтың әйелі мен қызының ағзасынан зорлау белгілері табылған жоқ деген дерек мәлім болды.
Оны кісі өліміне итермелеген басты себеп - арадағы алакөздік деп танылуда. Тергеу шараларын Ендір аудандық ІІБ жүргізуде.