Атырау облысында ресейлік автобустың жолаушылары құтқарылды

«Қазақавтожол» РМК Атырау облыстық филиалының қызметкерлері «Доссор-Құлсары-Ақтау» тас жолының 31-ші шақырымында тұрып қалған ресейлік «Икарус» автобусының 45 жолаушысына көмек көрсетті.

«Осындай жұмыстар «Атырау-Орал» жолы бойында да жүргізілуде. 20 қаңтарда Атырау облысы бойынша ауа райы күрт төмендеп, ауаның температурасы күндіз 23-25 °С, түнде 30-32°С деңгейіне жетті. Осыған орай «Қазақавтожол» РМК Атырау облыстық филиалы республикалық маңызы бар автокөлік жолдарында күнделікті кезекшілікті жүзеге асыруда», - делінген аталған кәсіпорынның таратқан мәліметінде.

Белгілі болғандай, жол бойында дизель жағармайымен жүретін автокөліктердің, соның ішінде жолаушылар тасымалдайтын автобустардың жанармайлары қатып қалған. Бұл ретте, тұрып қалған көліктерге көмек көрсетіп, құтқару жұмыстарын жүргізу ерекше назарға алынып отыр.