Баспасөз қызметінің ақпараттарына сүйенсек, Атырау облысының Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері жедел-іздестіру шарасы барысында Атырау қаласынан шыға берісте жеке көлікпен Астрахань қаласына бет алған Ресей Федерациясының азаматын құрықтаған. "Көлікті тексеру барысында бекіре тұқымдас балықтың уылдырығы салынған, әрқайсысының салмағы 500 грамм, жалпы сомасы 1 млн 200 мың теңгені құрайтын 31 қаңылтыр ыдыс табылды",- деп хабарлады баспасөз қызметіндегілер.
Тергеу, ресейліктің уылдырықты Қазақстан шекарасынан контрабандалық жолмен әкетіп, Ресей Федерациясының аумағында сату мақсатында Атырау қаласында заңсыз сатып алғандығын анықтады.
Аталмыш дерек бойынша Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің тергеу бөлімі Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 183-бабының 2-тармағы бойынша (Көрінеу қылмыстық жолмен табылған мүлікті сатып алу немесе сату) қылмыстық іс қозғады.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті