Атырау облысында тубдиспансердің жабылуы салдарынан көп адам жұмыссыз қалайын деп тұр

Бұл туралы КТК телеарнасы хабарлады.

Жұмысынан аяқ астынан айырылған диспансердің техникалық қызметкерлері ақырында далада қалғандарына наразы. Өйткені басшылар дәрігерлер мен мейірбикелерді ғана жұмыспен қамтып, бұларды ұмыт қалдырған.

"Ашық түрімен ауырып жатқан науқастар бар. Заттарының бәрін жан-жаққа таратып жатыр. Қалған біздер аңырап қалып жатырмыз. Ең болмағанда «сендер қалып жатырсыңдар ғой, алдағы уақытта жұмыс тауып береміз» десе де болады ғой" дейді Қызылқоға аудандық туберкулезге қарсы диспансерінің қызметкері Жұмазия Сағынова.

Санитарлар мен күзетшілер жалғыз табыстан айырылдық деп уайымдаса, шалғай елді-мекендегі науқастар емделу үшін берісі ауданға, әрісі облыс орталығына сандалуы керек.

"15 күн егілгенде 6000 теңге ақшам кетеді. Бірақ одан жазылмаймын. Мұнда 3 ай жатып шықсам, 1-1,5 жарым жылға дейін бұл араға келмеймін. Атырауға барыңыз дейді. Мен қалай барам?" дейді науқас Садақ Досымбаев.

Бірақ басшылар қызметкерлерінің де, науқастардың да шағымына құлақ асар емес. Айтуларынша, мұның бәрі қаржыны үнемдеу мақсатында жасалып жатыр. Бірақ одан ешкім зардап шекпейтін көрінеді.


1"8 адам бар. Олар бүгінгі таңда жұмыстан қысқарған жоқ, тек койкасының жабылуына байланысты бұйрық өзгерді. Біз олардың бәрін бүгінгі таңда аудандық аурухананың мәселесіне қойып отырмыз. Олардың бәрін де жұмысына орналастырамыз, жұмыссыз қалдырмаймыз" Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Түрікпенбай Нұржігітов.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасындағылар мұндай қысқартуды тағы 3 ауданда жүргізбекші. Өйткені диспансерлер жылдық жоспарды орындай алмай отыр. Сондықтан қаржыны үнемдеу мақсатында науқастар үшін тек аудандардағы орталық аурухана жанынан арнайы бөлімше ашылмақ. Ал мемлекеттің миллиардтарына салынған диспансердің даңғарадай ғимараты өзге мекемеге беріледі.