Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, 27-наурыздан бастап Түркияның "Гате Иншаат" АҚ құрылыс компаниясының жұмысшылары Атырау облыстық ауруханасының жұқпалы аурулар бөліміне тамақтан улану белгілерімен жатқызыла бастаған. Олардың бәрі де сол күні зауыт асханасында тамақтанған. Улануға сальмонеллез себеп болған. ЖШС-нің асхана қызметкері сальмонелла энтеритидис бактериясын таратушы көзге айналған. Жұқпалы дерт технологиялық және жылу тәртібін бұзу арқылы пісірілген тауықтың сан еті арқылы тараған. Сонымен бірге өнімді сату мерзімі де өтіп кеткен. "Бактериологиялық зерттеулердің алдын-ала қорытындысына сәйкес, 102 науқастан сальмонеллез анықталды", деп хабарлайды мекеме.
Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, 5-сәуірдегі 18 сағаттағы жағдаймен 360 адам ауруханадан шығарылды. Атыраудың емдеу мекемелерінде 137 адам, соның ішінде 37 адам қалалық стационарда, Қарабатан ауылдық провизорлық госпиталінде 100 адам жатыр. "Науқастардың жағдайы орташа",- деп хабарлайды мекеме.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті