Атырау облысында жол апаты кезінде 3 адам тірідей жанып кетті

Жантүршігерлік жол апаты 7 тамызға қараған түні болған, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі «Мой город» порталына сілтеме жасап.

Атырау-Индер трассасының 165 километрінде жеңіл көлік пен жүк көлігі соқтығысқан.

«Жол көлік апаты түнгі 12-де болған. «Мерседес Бенс» маркалы жеңіл көлік қарама-қарсы жолға шығып кетіп, «МАЗ 544008» жүк көлігімен соқтығысқан. Қатты соққы салдарынан жеңіл көлік отқа оранып, ішіндегі жүргізуші мен екі жолаушы тірідей жанып кеткен», - деп хабарлайды Атырау облысының ІІД баспасөз қызметі.

Жүк көлігінің жүргізушісі БҚО тұрғыны зардап шекпеген.


«Жеңіл көліктің жүргізушісі Атырау облысының тұрғыны екені белгілі болды. Ал қаза тапқан екі жолаушының аты-жөндері анықталып жатыр», - деп мәлімдеді баспасөз қызметіндегілер.