«Әкім бол, халыққа жақын бол» дегенді Бақытқожа Ізмұхамбетов бүгінгі жиында естен шығарған сыңайлы. «Тұрғындардың «үйіміз құлап жатыр» дегеніне сене салмау керек деп, дүрсе қоя берді. Тіпті оларды сөз арасында өтірікшілер деп салды облыс басшысы.
Бақтықожа Ізмұхамбетов, Атырау облысының әкімі:
-Менің өзіме адамдар телефон соғып, үйіміз құлап, далада қалдық деді. Жалған ақпарат өте көп. Ұяттарыңыз қайда? Жағдайдың ауыр екенін білеміз. Құлап қалды деген біраз жерге бардық. Бәрі жалған. Турасын айтқанда, өтірік бәрі!
Өңір басшысына нөкерлерінің қай үйлерді көрсеткені белгісіз. Ал біз барған баспаналардың сиқы мынау. Толассыз жауған нөсердің кесірінен Сағатовтардың тұрағы жарамсыз болып қалған. Отағасы құлаған қабырғаның астында қалып, аяғын сындырыпты. Ал жұбайы тубдиспансерде жатыр.
Жамал Ізімова, Атырау қаласының тұрғыны:
-Әкім мынадай жағдайда бермегенде, көмекті қандай жағдайда береді? Ауру адамдарға бермегенде? Мынадай жағдайда қалай тұрады? Жататын жері жоқ. Көріп отсыздар ғой!
Қызыл судың кесірінен құлаған үйлердің нақты саны әзірге белгісіз. Ал ашуға мінген аймақ басшысы жиған-тергені су астында қалған елге пәтер берілмейді деп кесіп айтты. Бірақ сонда да үміттерін үзбей, далада қалдырмауға уәде етті әкім.
Бақтықожа Ізмұхамбетов, Атырау облысының әкімі:
-Адамдар әртүрлі. Линолеумнен кейін ламинат, паркет төсегілері келеді. Ондай қаржы бөлмейміз, әрине. Бірақ дұрыс өмір сүрулері үшін қолдан келген барлық жағдайды жасауға тырысамыз.
Екі күн толассыз жауған нөсер жауыннан 119 үйді су басып, 500-ден астам адам тентіреп қалған болатын. Әлі күнге дейін бір адам баспанасына кіре алмай, барлығы туыстарының үйі мен мектепте күнелтуде. Қазір арнайы құрылған комиссия зардап шеккендерді тізіп, келген шығынды есептеп жатыр.
Loading...