Қаржы "Қамқорлық" атты қоғамдық қайырымдылық қорының арнаулы есепшотында жиналуда.
Қаржы жинау жөніндегі бастаманы облыс әкімі Бергей Рысқалиев көтеріп, наурыздың басында БАҚ-тар арқылы халықтан су тасқынынан зардап шеккен отандастарға көмек көрсетуге шақырған болатын. Бұл үндеуге бірінші болып мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері үн қатып, қорға өздерінің бір күндік жалақысын аударды. Жергілікті кәсіпкерлер, ірі кәсіпорындардың басшылары мен қарапайым адамдар белсенділік танытуда. "Қамқорлық" қоғамдық қайырымдылық қоры өкілдерінің хабарлауынша, қайырымдылық қаржысы әлі де келіп жатыр.
Бұдан бұрын да хабарлағанымызадй, Оңтүстік Қазақстан облысындағы су тасқыны зардаптарын жоюға 9,348 млрд теңге қажет, бүл туралы кеше өткен үкіметтің отырысында ҚР индустрия және сауда министрі Владимир Школьник хабарлады.
В. Школьниктің мәліметтері бойынша, су тасқынынан 2346 үй бұзылып, оның 1478 пайдалануға жарамсыз болып шықты. 457 үйге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу керек. Судың ішінде қалған 9 мектептің екеуіне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп, қалған жетеуі бұзылуы тиіс. Денсаулық сақтау саласының 6 нысаны судың ішінде қалды. Сондай-ақ, бір кітапхананың қабырғалары құлады. 106 шақырымдық электр тарату желілері істеп шығып, 20 трансформатор бөлемшесін қалпына келтіру керек. 12 шақырымға созылып жатқан газ құбыры, 107 шақырым көлік жолы, 59 көпір, 270 дренаждық желі қирады.