Атырауда 1033 мопед мемлекеттік тіркеуден өтті

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы kaz.inform.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес мопедтер механикалық көлік құралдары санатына енгізілген. Осыған байланысты оларды пайдалану үшін көлік құралын міндетті түрде тіркеп, мемлекеттік тіркеу нөмірін алу қажет. Сондай-ақ мопед жүргізушілерінде «А1», «А» немесе «В» санатындағы жүргізуші куәлігі болуы тиіс. Талаптарды орындамаған азаматтарға әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.

Атырау облыстық полиция департаментінің ӘПБ Процессингтік орталығының басшысы Жеңіс Дәулетовтің айтуынша, мопедтерді тіркеу көлік құралдарының есебін жүргізуге ғана емес, жол қозғалысы қауіпсіздігін күшейтуге де ықпал етеді.

— Мопедтерді міндетті тіркеу олардың заңды айналымын бақылауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар жол-көлік оқиғаларының алдын алуға және құқық бұзушылықтардың санын азайтуға көмектеседі, — деді ол.

Полиция қызметкерлері тұрғындарды мопедтерін уақытылы тіркеуге шақырып отыр. Қазір облыс аумағында профилактикалық және рейдтік іс-шаралар тұрақты жүргізілуде. Тіркеусіз немесе жүргізуші куәлігінсіз мопед басқарған азаматтарға қатысты заң аясында тиісті шаралар қабылданады.

Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес жүргізуші куәлігінсіз көлік құралын басқарғаны үшін 86 500 теңге көлемінде айыппұл қарастырылған.