Доссор көшесінің бойында тұратын 100-ге жуық отбасының мұңын арқалап шыққан мына топ бірнеше жылдан бері мәселеміз шешілмей келеді дейді. 35 мың вольттық мына электр бағаналары олардың бас ауруына айналған. Сонау 60-шы жылдары орнатылған қауіпті бағаналар бірнеше рет адам өліміне де себепші болыпты. Енді жұрт оларды алдырып тастамай, тыным таппаймыз дейді.
Асхат Бәсенғалиев, Атырау қаласының тұрғыны:
- Ешқандай өкіл келмейді мында радиация аламыз деп, санэпидстанция шақырдық, ойбай мына жер тоқ, біздер ауырамыз деп қашты. Жоламайды ешкім, Ал тұрып жатқан адамдарды сынауға шебер.
Үлкенді-кішілі электр бағаналарына жауап беретін «Атырау Жарық» мекемесінің мамандары бұлар барлық заң талабына сай орнатылған дейді. Айтуларынша, мұндай даудың шығуына тұрғындарға кезінде жерді қауіпті аймақтан берген әкімшілік кінәлі екен.
Ғабиден Қанатов, Атырау қалалық электр жүйелері мекемесінің басшысы:
- Әкімдік тарапына біздің жақтан желіні алу үшін ұсыныс берілді. Егер де Атырау облысының әкімшілігі, қалалық әкімдікті біздің ұсынысымызды қабылдап, кететін шығынды өтейтін болса, біз жақтан ешқандай мәселе жоқ. Бұл мәселе қазір облыстық, қалалық әкімдік төңірегінде қаралып жатыр.
Бірақ әкім ауысқан сайын қаралатын бұл мәселеге қашан нүкте қойылатыны белгісіз. Осы бағаналардың кесірінен жөні түзу жолға да жарымадық дейді жұрт. Егер бұл жағдай алдағы 10 күннің ішінде реттелмесе, тұрғындар қаладағы күре жолдардың бірін жауып тастамақшы.